Русский Қазақша
Басты бет Хат жазу Мемлекеттiк рәміздер
 

Мұқағали Мақатаев атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық конкурсы

15.09.2009

Үстіміздегі жылдың 11 қыркүйегінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен ҚР «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заңының» 20 жылдығына орай, сондай-ақ «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2009-2010 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарына» сәйкес өзінің ана тілін ерекше қасиет тұтқан ғажайып ақындардың бірі Мұқағали Мақатаев атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық конкурсы болып өтті. Шығармаларынан жердің, елдің биік рухы сезілетін, поэзия құдіретін адамдық асыл сезіммен байланыстыра қабылдаған ғажайып ақын Мұқағалиға арналған кеште көрермендер ақынның қысқа ғұмырындағы қалдырған ұлан-ғайыр мұрасынан сусындап рухани байып қайтты.

Бүгінгі күні дәстүрге айналған бұл конкурстың басты мақсаты - мемлекеттік тілдің абыройын асқақтатып сөз өнері мен тіл мәдениетін дамыту, жастар арасынан талапты да, талантты өнерпаздарды іздеп табу болып табылады.

Байқауға 18-29 жас аралығындағы талапкерлер қатысып, өлмес өнері - өлеңімен жалпақ елінің жүрегіне жол тауып, бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленген ұлы перзенттің ұрпаққа ұран болған жырларын жатқа оқудан бақ сынасып қана қоймай, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен өрілген өлеңдерінен тәлім-тәрбие сіңіріп қайтты. Себебі Мұқағали поэзиясы тек өнер деңгейіндегі ғана құбылыс емес. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының сезімін байытып, кісілігін биіктетіп, парасатын кемелдендіре түскен болатын.

01.JPG

Нағыз өнер құдіреті, адам мен заман, туған халқының тағдыры мен тарихын зерделей зерттеп, тереңнен толғап жазуға өлеңін де өзін де қатар бағыштаған ақиық ақынға арналған ақындар додасында Екібастұз қаласының дүлділі Назымгүл Тұрымтаева өз қарсыластарынан оқ бойы озып, Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алса, Павлодар қаласының атынан келген сайыскер Мұқышева Құралай екінші орынды, Ертіс ауданының үміткері Меруерт Жұмагелдинова үшінші орынды қанжығаларына байлады.

Сондай-ақ дүбірлі шараның соңында Оралхан Бөкей атындағы көркем сөз оқу шеберлерінің жеңімпаздары да марапатталды. Бұл өнерлі жастарымыз да Қазақстан халықтары тілдерінің Республикалық фестивалі шеңберінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының іс-шаралар жоспарына сәйкес өткен О.Бөкей атындағы байқауда жүлделі орындарға ие болған болатын. Атап айтсақ, Екібастұз қаласының үміткері Әсел Әшімханова І орынды, Ақсу қаласының үміткері Асқар Зейнелқабдыл ІІ орынды, Качиры ауданынан келген сайыскері Ербол Теміров ІІІ орынды иеленді.

Сіз мемлекеттік тілді үйреніп жүрсіз бе?





Мекенжайы:
Павлодар қаласы, Ак. Сәтбаев көшесі, 136, № 413 кабинет
Сайт материалдарын дерек көздеріне көрсетіп пайдалануға ғана рұқсат етілген. Техникалық қолдау:
"ГГЦ" ЖШС.
support@ggc.kz