«Тіл - достық құралы» атты тілдер фестивалі
25.09.2009
Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы және Қазақстан Республикасы халқы тілдерінің XI республикалық фестивалі шеңберінде, ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 20 жылдық мерейтойлары аясында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы 2009 жылдың 21 тамызынан 25 қыркүйек аралығын «Тілдер айлығы» деп жариялады. Айлық «Ілеспе аударма жұмысын ұйымдастыру мәселелері» атты республикалық семинармен басталды. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген тіл мамандары мол тәжірибе алып сертификаттарға ие болып кетті. Басқарма айлық барысында «Мемлекеттік тіл - менің тілім», «Мемлекеттік қызмет - мемлекеттік тіл», Оралхан Бөкей, Мұқағали Мақатаев көркемсөз оқу шеберлері сынды байқаулар өткізді.
Айлық 25-ші қыркүйекте Естай атындағы Мәдениет сарайында «Тіл - достық құралы» атты тілдер фестивалімен қорытындыланды. Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Р.Жұмабекова, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Павлодардағы филиалының төрағасы М.Әбдірахманов, Павлодар облысының Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары И.Әбдіқалықов және этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері қатысты. Фестиваль жыл бойы тілдің мәртебесін көтеру мен ұлтаралық қатынасты нығайтуға үлес қосқан облысымыздың азаматтарын марапаттаумен басталып, концерттік бағдарламамен аяқталды.