«Ана тілім - ардағым» атты облыстық жас ақындар мүшәйра-конкурсы
02.10.2009
Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен облыс әкімдігіне қарасты «Павлодартелерадио» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның ұйымдастыруымен 2009 жылғы 1 қазан күні «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2009-2010 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес және «Тілдер айлығы» шеңберінде «Ана тілім - ардағым» атты облыстық жас ақындар мүшәйра-конкурсы өтті.
Бұл конкурстың басты мақсаты - мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп табу және қолдау.
Байқауға 16-25 жас аралығындағы талапкерлер қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Бәйгеде өз қарсыластарынан оқ бойы озып, талантымен таң қалдырып, ПМУ-дің 4-курс студенті Болатхан Әміржанұлы І-орынды иеленді. ІІ-орынға Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатының оқушысы Серікболсын Дүйсенбай, ІІ-орынға айтыскер-ақын Қуаныш Шарманов ие болды. Конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.