«Қазақ фольклоры» апталығының ашылуы
12.05.2010
Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының және С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен 2010 жылғы 11 мамыр күні ұмыт болып бара жатқан бабалар мұрасын қайта жаңғырту, мәдени-тарихи құндылықтарды сақтаудағы ұрпақтар сабақтастығын паш ету және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мен тіл мәдениетін көтеру мақсатында «Қазақ фольклоры» апталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығының міндетін атқарушы Қабжан Шорманұлы Еділбай жиналған қауымды аталған апталықтың ашылуымен құттықтады. Шараға тіл жанашырлары, халық ауыз әдебиетінің насихаттаушылары Василий Илющенко, Данияр Сабырұлы қатысып, ерте замандарда туып, қалыптасып, дамып-жетіліп, бүгінгі күннің де қажетіне жарап отырған халық ауыз әдебиеті төңірегінде әңгіме тарқатты.

Ашылу салтанаты рәсімінде сондай-ақ жиналған оқушылар арасында мақал-мәтел, жұмбақ сайыстары өткізіліп, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. Шараның соңыда облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының атынан жиналған әдебиет сүйер қауымға құнды сөздіктер сыйға тартылды.
Апта бойы жалғасатын «Қазақ фольклоры» апталығының мәресі 15 мамырда өтетін «Достық үйінде» облыстық ақындар айтысымен аяқталады.