Русский Қазақша
Басты бет Хат жазу Мемлекеттiк рәміздер
 

Тілдерді дамытудың оқу-әдістемелік «Ана тілі» Павлодар облыстық орталығы

at.jpg

Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жанынан облыс әкімінің 2005 жылдың 4 сәуіріндегі №107/8 қаулысына сәйкес «Мемлекеттік тілді оқыту жөніндегі «Ана тілі» Павлодар облыстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Павлодар облысы әкімінің 2009 жылғы 26 қаңтардағы қаулысына сәйкес аталған Орталық «тілдерді дамытудың оқу-әдістемелік «Ана тілі» павлодар облыстық орталығы» болып қайта құрылды.

КМК қызметінің негізгі мақсаттары:

1) білім беру саласында мемлекеттік, ағылшын және басқа да тілдерді оқытуды ұйымдастыруға қажетті материалдық техникалық, ғылыми, оқу-әдістемелік жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру;

2) мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен мемлекеттік, ағылшын және басқа да тілдердің қоғамдық функцияларын кеңейту және дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;

3) мемлекеттік, ағылшын және басқа да тілдерді оқыту, бұқаралық ақпарат құралдары: теледидар, радио, газет арқылы оқыту бағдарламаларын тарату;

4) мемлекеттік, ағылшын және басқа да тілдерді оқытуда жаңа технологияларды пайдалану;

5) аудармашыларға, мемлекеттік тілде іс жүргізушілерге, қазақ тілі үйірмелерінің жетекшілеріне тәжірибелік, әдістемелік көмек көрсету;

6) әдістемелік нұсқаулықтар мен құралдарды әзірлеу және тарату, семинар-практикум, кеңестер және басқа да іс-шараларды өткізу КМК қызметінің негізгі мақсаттары болып табылады.

КМК қызметінің мәні:

  1. деректемелерді, көрнекі ақпараттарды ресімдеуде, ресми қағаздарды, тіркеу құжаттарды аударуда мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға, сондай-ақ жеке тұлғаларға практикалық көмек көрсету;

  2. бүктемелерді, күнтізбелерді, кітаптарды, әдістемелерді, оқулықтарды, тілашаларды, анықтамаларды, сөздіктерді және басқа да оқу-әдістемелік баспа өнімдерін шығару және тарату;

  3. қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде мөрлер, мөртабандар, прейскурант және басқа да көрнекі өнімдердің мәтіндерін тексеру және аудару;

  4. мемлекеттік тілде сценарийлер дайындау;

  5. қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде көрмелер, тұсаукесерлер, қайырымдылық және басқа іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу КМК қызметінің мәні болып табылады.

Мемлекеттік тілді оқытуға арналған 60, 80, 100, 120 сағаттық оқу бағдарламалары құрастырылды. Бұл бағдарламалар оқу стандарты және типтік бағдарламаның негізінде құрылып, мемлекеттік қызметшілер Агенттігімен бекітілген. Бүгінгі күні «Ана тілі» орталығында Соттар әкімшілігі, Ішкі саясат департаменті, статистика, қазынашылық, төтенше жағдайлар, халықты әлеуметтік қорғау, экономика, қоршаған ортаны қорғау басқармасының мемлекеттік мекемелердің қызметшілері білім алуда. Сонымен қатар «Ана тілі» орталығында мемлекеттік мекемелердің  қызметкерлерінен тыс кәсіпорындардың жұмыскерлері де оқытылуда.

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2009-2010 жылдарға арналған облыстық бағдарламасына сәйкес «Ана тілі» орталығы алғаш рет ұлттық мәдени орталықтарындағы 10-12 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдері балаларына Павлодар қаласының «Ағарту» демалыс үйінде желтоқсан айының 15-нен 19-на дейін бес күндік тілдік ортаға ену арқылы қазақ тілін оқытуды ұйымдастырды.

Бұл шараны өткізудегі басты мақсат қазақ тілінің деңгейін көтеріп, өзге ұлт өкілдері оқушыларының тілге деген қызығушылығын арттыру. Болашақта өз ана тілімен қатар мемлекеттік тілді білген балалар қажет етіледі.

Облыстық тілдерді дамыту бағдарламасы шеңберінде 2007 жылы 300ге жуық, 2009 жылы 275 адамды қазақ тіліне тегін оқытты. Алдағы жылы бұл жұмыс жалғасын табатын болады, өйткені әсіресе өзге ұлт өкілдері тарапынан қызығушылық зор.

Мемлекеттік қызметшілерді оқытуға арналған бағдарлама 4 деңгейден тұрады:

«Бірінші деңгей»

Негізгі дағдылар мен біліктері:

Оқу дағдысы: көлемі шағын мәтіндерді минутына 25-30 сөзден оқи алуы, бағдарлама соңында оқу жылдамдығын минутына 180-220 сөзге жеткізу.

Сөйлеуі: берілген сұрақтарға жауап бере алу, күнделікті тіршілікте кездесетін тұрмыстық тақырыптарға байланысты өздігінен сұрақ қойып, сұхбаттаса алу.

Жазуы: өзі туралы қысқаша мәлімет, жиі кездесетін іс қағаздарын, бұрыштамаларды жаза білуі - бағдарламаның мақсаты болып табылады.  

«Екінші деңгей»

Негізгі дағдылар мен біліктері:

Оқу дағдысы: көлемді мәтіндер сөздерін минутына 100 сөзден 150 сөзге жеткізу, дауыс екпіні бойынша мәнерлеп, әуезді оқу.

Сөйлеуі: берілген тақырыптар бойынша еркін ой толғай алу, жұмыс барысында кездесетін күрделі сөз орамдарын жетік білу.

Жазуы: ресми іс қағаздар үлгілерін жаза білу, өзі, жұмысына байланысты қызметтік хаттармен хат алмасу жұмыстарын жетік білу.

«Үшінші деңгей»

Негізгі қойылатын талаптар мен біліктер:

Арнайы жағдайда және қажеттілікке байланысты барлық ақпараттарды түсінеді. Іс қағаздарын сауатты жүргізу - мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудағы ең өзекті мәселе болып табылады. Бағдарлама бойынша ресми іс қағаздары тілінің теориялық және практикалық мәселелерін талдай отырып, осы тілдің заңдылықтары мен нормаларын түсініп, оны орындау жолдарымен таныс болу;

Белгілі бір тәртіпте сөйлеу және ойын жеткізе білу.Қазақ тілінің конституциялық мәртебесін мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында жүзеге асыру.

Кәсіби, саяси және қоғамдық мәтіндерге байланысты мәтіндерді оқиды. Термин сөздермен таныс болу, сауатты да мазмұнды жазу, көпшілік алдында сөйлеу мәнеріне көңіл бөлінеді.

«Төртінші деңгей»

Негізгі талаптар мен біліктілік:

 Күнделікті қажеттілікке байланысты анықтамалар, ақпараттар жазып,   толық түсініктемелер бере алады.Тіл саясатын құқықтық тұрғыдан реттеп, оны тиімді жүргізе білу. Қазақстан Республикасының азаматтық құқықтық актілеріне негізделген құжат нысандарының үлгісі мен сипаттамасын білу, жетік жұмыс істей білу дағдылары. Оқытуда мәтін мазмұны мен негізгі ойға сәйкестігі, тақырыптың толық ашылуы, баяндау жүйесі ескеріліп, сөздік қорының деңгейіне, сөйлем құрылысына, мәтіннің стильдік біртектілігіне, тіл шеберлігіне назар аудару қажеттілігі.

 Ойларын жетік жеткізе алады.Орыс тіліндегі нұсқаларды негізге ала отырып, қазақ тілінің заңдылықтарын сақтап, ұлттық іс қағаздарын жүргізуді қалыптастыру, құжат айналамын іске асыра алады..

Іс қағаздарын толық меңгеріп, кез келген тақырыпта мәтін құрастыра алады.

Бүгінгі таңда Орталық қажетті материалдық-техникалық, оқу-әдістемелік базамен жабдықталған. Тыңдаушыларға оқулықтар, сөздіктер, іс жүргізу, аударма негізі бойынша оқу құралдары және жұмыс дәптерлері әзірленді. Оқытуды профессорлар, ғылым кандидаттары, қаланың жоғары оқу орындарының аға оқытушылары және еңбек ұжымдарында оқыту тәжірибесі бар мамандар жүргізеді, сабақтар мекемелер мен кәсіпорындардың арнайы жабдықталған қазақ тілі кабинеттерінде өткізіледі.

Мемлекеттік тілді оқыту мақсатында жұмыс бағдарламасы да әзірленіп, бекітілді. Осы бағдарламаға сәйкес мемлекеттік қызметшілер білім деңгейіне қарай ауызекі сөйлеу тілін үйренумен қатар, жұмыста қолданатын терминдерді меңгереді. Оқыту барысында әрбір тыңдаушының қабілеттері ескеріледі. Курс аяқталғаннан кейін тестілеу жүргізіледі, оның нәтижесі бойынша белгілі бір деңгейді аяқтағаны туралы сертификат беріледі.

Бүгінде орталықта 860 мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді оқып жүр.

Өз қызметінде Орталық Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан-2030» бағдарламасын, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік кәсіпорындар туралы», «Тілдер туралы» Заңдарын, Тілдерді қолдану аясы мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және облыстық «Ана тілі» тілдерді дамыту бағдарламасын басшылыққа алады.

«Ана тілі» орталығы Тілдерді дамыту басқармасымен, «Қазақ тілі» қоғамымен тығыз ынтымақтастық қатынаста жұмыс істейді, облыста мемлекеттік тілдің дамуына ықпал етеді, облыстық «Ана тілі» бағдарламасының орындауға қатысады.

Орталықты Жәмінов Жолдыбай Нығметұлы басқарады, ол осыған дейін Облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бөлім бастығы қызметін атқарды, осы мекемеде мемлекеттік тілді дамытумен айналысқан болатын. Жоғары филологиялық және заң білімі бар. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Республикалық мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығында өткізілген республикалық, өңірлік семинар-кеңестерден, тренингтерге қатысып, қайта дайындаудан өтті.

2007 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының талаптарын іске асыру мақсатында мемлекеттік тілді оқытудағы жеткен жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Тілдерді дамытудың оқу-әдістемелік «Ана тілі» Павлодар облыстық орталығы мына мекенжайда орналасқан: Павлодар қаласы, 1 Май көшесі, 35/1, «Достық Үйі» ғимараты, 210, 212-кабинет, байланыс телефондары: 32- 62- 37, 32- 62- 85.

Электронды поштасы: аnаtilіcenter@mail.kz, факс 326237.

Сіз мемлекеттік тілді үйреніп жүрсіз бе?





Мекенжайы:
Павлодар қаласы, Ак. Сәтбаев көшесі, 136, № 413 кабинет
Сайт материалдарын дерек көздеріне көрсетіп пайдалануға ғана рұқсат етілген. Техникалық қолдау:
"ГГЦ" ЖШС.
support@ggc.kz